Алматыдағы БҰҰ: Тұрақты болашақ үшін серіктестік
2025 жылғы 13 ақпан – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алматыдағы БҰҰ: тұрақты болашақ үшін серіктестік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны ҚазҰУ жанындағы Пан Ги Мун институтының директоры Ләззат Мұхтар мен БҰҰ-ның ақпараттық қолдау жөніндегі академиялық аймақтық ресурстық орталығының директоры Лейла Федоровна Деловарова ұйымдастырды. Мәртебелі қонақ ретінде Алматыдағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек қатысты.
Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудегі жастардың рөліне ерекше назар аударылды. Халықаралық қатынастар факультетінің студенттері орталықтың жұмысы туралы және «Қазақстан» қонақүйінде БҰҰ өкілдігінің ашылуы туралы бейнероликтер көрсетіп, жастарды жаһандық үдерістерге тартудың маңыздылығын атап өтті. Олар сондай-ақ өз қатарластарын тұрақты дамуға ықпал ететін бірлескен жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Тарих факультетінің студенттері халықаралық ынтымақтастықтың тарихи аспектілері мен жаһандық бастамалардың аймақтық дамуға әсері туралы талдау жасап, құнды үлес қосты. Олар сондай-ақ тұрақты даму мен халықаралық қатынастар контекстінде тарихты зерделеудің маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында БҰҰ-ның Қазақстанмен әріптестігінің негізгі аспектілері, соның ішінде экономика, білім және әлеуметтік саясат мәселелері талқыланды. Властимил Самек атап өтті: «БҰҰ Қазақстанмен кең ауқымды мәселелер бойынша белсенді өзара іс-қимыл жасайды және жастардың жаһандық сын-қатерлерді шешуге қосқан үлесі өте маңызды. Мұндай кездесулер тек ақпарат беріп қана қоймай, студенттерді халықаралық жобаларға қатысуға ынталандырады.»
Студенттер БҰҰ-мен халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша белсенді түрде сұрақтар қойды. Журналистика және тарих факультеттерінің өкілдері жаһандық мақсаттарға жетудегі БАҚ пен тарихи талдаудың рөлін талқылау арқылы өз үлестерін қосты.
Дөңгелек үстел Қазақстандағы ынтымақтастық пен инновациялық жобаларды жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін аша отырып, жастар мен халықаралық ұйымдар арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.