Білім беру және әлеуметтік әділеттілік: тұрақты дамуға апарар жол
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының бастамасымен «Білімге тең қолжетімділік халықтың барлық әлеуметтік топтарына тең мүмкіндік береді ме?» тақырыбында студенттік пікірсайыс өтті. Бұл іс-шара БҰҰ күнтізбесі бойынша Халықаралық әлеуметтік әділеттілік күні аясында ұйымдастырылып, білім берудің Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) жетудегі рөлін түсінуге бағытталды. Пікірталас барысында ТДМ 4 (Сапалы білім), ТДМ 10 (Теңсіздікті азайту) және ТДМ 16 (Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар) мақсаттары талқыланды.
Пікірсайысқа ҚазҰУ студенттерімен қатар келесі сарапшылар қатысты:
- Кисиков Б.С. – Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі;
- Исаева Н.С. – Орталық Азия университеті жобасының үйлестірушісі, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының жетекші маманы;
- Оразгулова А.А. – ҚР инклюзивті білім беру жөніндегі сарапшысы.
Талқылау барысында қатысушылар білімге қолжетімділік барлық әлеуметтік топтарға бірдей мүмкіндік бере ме, әлде оның жүзеге асуына қандай кедергілер бар деген мәселелерді көтерді. Ерекше назар инклюзивті білім беру, әлеуметтік теңсіздік және білім беру жүйесін барлық азаматтардың қажеттіліктеріне бейімдеу қажеттілігіне аударылды. Талқылау тікелей ТДМ 4 мақсатына – сапалы және әділетті білім беруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ ТДМ 10 мақсатына – әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті жоюға арналды.
Пікірталас барысында әртүрлі көзқарастар айтылды. Бір тарап білімге қолжетімділік теңдікке кепілдік бермейді деп есептесе, себебі әлеуметтік-экономикалық және мәдени факторлар түлектердің мансабы мен өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Басқа тарап, керісінше, тең білім беру мүмкіндіктері әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы алшақтықты азайтып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етеді деп сендірді. Бұл өз кезегінде ТДМ 16 мақсатына – тиімді институттары бар инклюзивті қоғамдарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Сарапшылар өз білімдері мен халықаралық тәжірибелерімен бөлісіп, бұл мәселені кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Олар тұрақты дамудың негізі – әлеуметтік мәртебесіне, физикалық мүмкіндіктеріне немесе географиялық орналасуына қарамастан, барлығына сапалы білімге тең қолжетімділік беру екенін айтты.
Бұл пікірталас студенттер мен сарапшылар арасында ашық диалог алаңы болды, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және білім беру теңсіздігін шешу жолдарын іздеуге ықпал етті. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар тұрақты түрде өткізіліп, Қазақстандағы білім беру жүйесін жақсартуға нақты ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі деген үміт білдірді.