Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы – 2025» халықаралық жастар конференциясы өтті

2025 жылғы 2 мамырда Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БҰҰ-ның 80 жылдығына арналған «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы – 2025» халықаралық жастар конференциясы өтті.
Іс-шараны Алматыдағы БҰҰ Ақпараттық бюросы мен Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың қолдауымен университет ұйымдастырды. Конференцияға Орталық Азия елдері мен Қытайдан келген 200-ге жуық студенттер мен жас делегаттар қатысты. Шара университеттің ірі мәдени-ағартушылық орталықтарының бірі – әл-Фараби кітапханасында офлайн форматта өтті.
Конференция барысында қатысушылар БҰҰ-ның бес негізгі комитетінің жұмысына модельдік форматта қатысып, БҰҰ-ның Болашақ саммитінің құжаттарында көрініс тапқан жаһандық сын-қатерлер мен тұрақты даму мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, келесі құжаттар негізге алынды: «Болашақ үшін пакт», «Жаңа цифрлық келісім» және «Болашақ ұрпақтар декларациясы».
Комитеттер келесі тақырыптар бойынша жұмыс жүргізді:
- БҰҰ Бас Ассамблеясы: киберсоғыс және цифрлық егемендік;
- Халықаралық көші-қон ұйымы: миграцияны басқарудағы жасанды интеллект рөлі;
- БҰҰ Халық саны жөніндегі қоры: репродуктивті құқықтар және әйелдерге арналған білім беру;
- БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы: теңіз экожүйесін сақтау;
- Орталық Азия + Қытай: тұрақты агроазық-түлік жүйелерін дамыту.
Конференция жас буынды жаһандық мәселелерді шешуге тартудың жарқын үлгісі болды. Қатысушылар дипломатиялық шеберліктерін, көшбасшылық қабілеттерін дамытып, халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.