THE 1150TH ANNIVERSARY OF AL-FARABI LAUNCHES IN INDIA

Үндістанда әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған іс-шаралар бастау алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Үндістандағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Джавахарлал Неру атындағы университеттің қолауымен Нью-Дели қаласында Әбу Наср әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өткізді.

Іс шараға ҚР Үндістандағы Елшісі Ерлан Әлімбаев, ҚазҰУ және Дели университеттерінің ғалымдары, Орталық Азия елдерінің дипломатиялық миссиялары мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Ерлан Әлімбаев әл-Фарабидің мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері мен оқиғалар күнтізбесіне енгізілгенін және оны мерекелеу адамзаттың «екінші ұстазының» дүниежүзілік мұрасын зерттеуге және зерделеуге қуатты серпін беретінін атап өтті. Бүгінде Ұлы дала ойшылының есімі әр елдің, соның ішінде Үндістанның ғалымдарын да аса қызықтыруда. Мұндай іс-шараларды жоғары халықаралық деңгейде өткізу әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы мен қазақ тарихын дәріптеуге ықпал етеді.

«Жуырда ҚазҰУ Делиде Әл-Фараби мұражай-үйін ашты, ол ғалымдар мен жұртшылықты тартатын ерекше орынға айналды. Айта кетерлік жайт, Әл-Фарабидің мерейтойы әлемдік деңгейде атап өткізілуде және ҚазҰУ түрлі алаңдарда ИЫҰ, ИСЕСКО, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен іс-шаралар өткізуде», – деп атап өтті ҚазҰУ проректоры Мехмет Арслан.

Дөңгелек үстел барысында ҚазҰУ делегациясы әл-Фарабидің өмірі мен еңбектері, оның қазіргі кездегі мұрасының маңыздылығы туралы ғылыми баяндамалар мен презентациялар жасады. Сонымен қатар ойшылдың идеялары негізінде әзірленген «Университет 4.0» жаңа буын университетінің рухани-адамгершілік және ғылыми-технологиялық платформасын қамтитын моделі ұсынылды.

Іс-шарада сөз алған Үндістанның академиялық топтарының өкілдері, ғылыми орталықтар мен институттардың басшылары Әбу Насыр әл-Фараби мұрасының маңыздылығына ерекше тоқталып, осындай атаулы шаралардың екі достас елдердің мәдениетін жақындастырудағы маңыздылығын атап өтті.

Үндістанға сапар барысында қазақстандық жетекші жоғары оқу орнының делегациясы Амити университетінде (Нойда қ.) 100-ден астам ел өкілдерінің басын қосқан «INBUSH ERA-2020» бүкіләлемдік саммитінің жұмысына қатысты. Саммит аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Амити университетінде әл-Фараби орталығын және аталмыш үнді жоғары оқу орнының ҚазҰУ-да өкілдігін құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *